Үкімет азаматтардың қаза болуы мен жарақат алуын азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Үкімет 2011-2012 жылдардағы жылыту кезеңіндегі өрттерден адамдардың қаза болуы мен жарақат алуын азайту жөнінде іс-шаралар жоспарын бекітті.

Үкімет азаматтардың қаза болуы мен жарақат алуын азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарын  бекітті

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің аға инженері Любовь Шапошникованың айтуынша, аталған іс-шаралар жоспары 21 тармақтан тұрады. Негізінен олар көп пәтерлі тұрғын үйлердің өртке қарсы жағдайын тексеру, оқу орындарында өртке қарсы іс-шаралар кешенін, оның ішінде өрттің алдын алуға бағытталған интерактивті сабақтар, викториналар, конкурстар, роликтер мен бейнефильмдер көрсету, әлеуметтік нысандардың өрт қауіпсіздігіне байланысты жағдайын талапқа сай ету бағытында қажетті шараларды қолдану болып табылады.

«Жалпы алғанда өртке қарсы қызмет өкілдері, жергілікті атқарушы органдар және пәтер иелері кооперативімен бірлесіп, жыл сайын жылыту маусымы алдында өрттердің алдын алу үшін тұрғын үй секторының аулалары мен пәтерлерін аралайды. Осы бағытта ай сайын шамамен 200 жиналыс өтеді»,-деді Л.Шапошникова.