«Үкімет бағаны бақылау тетігін заңмен қалай бекітпек?» - республикалық басылымдарға шолу

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Жол картасының» 2009 жылғы орындалу жайы қаралды. Толығырақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Өтіп бара жатқан жылдың басты жетістіктері» деген тақырыптағы мақаладан оқи аласыздар.
«Ұлы көш биыл да жалғасады». Осы тақырыппен берілген аталмыш басылымдағы келесі мақала шетелдегі қандастарымызды кіндік қаны тамған жұртына қайтару жалғасын табатындығын жазыпты. «Ұлы көш әлі жалғасып жатыр. Бүгінгі күні тарихи Отанына миллионға жуық қазақ оралды»,- дейді басылым.
"Жұлдыз" журналының қарашаңырағында қызмет атқарған ширек ғасырға жуық уақыт белесінде әдебиетті төңіректеген жазушы-оқушысы бар, талай адам көз алдымыздан өткен екен. Ағын судай сырғып өте шыққан елес сияқты, көбінің таңертең көрсең, түске жетпей түсін ұмытасың. Бір көргеннен жарқ етіп жүрек түбі, көңіл төрінде бедерленіп бекіп қалатыны некен-саяқ. Сол аздың бірі һәм бірегейі маңғаз басып Маңғыстауда жүрген марқасқа ағам - Бектұр Төлеуғалиев десем, үстеме қосып әсірелеп айтқаным бола қоймас». Осылай ой өрбіткен «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Қазыналы жүрек» тақырыбымен берілген мақала көрнекті қаламгер Бектұр Төлеуғалиев туралы жазыпты.
***
«Биылғы жылдың 27 қарашасында Минскіде өткен ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің отырысында Беларус, Қазақстан Республикасы және Ресей Федрациясының президенттері 2010 жылдың 1 шілдесіне қарай Кедендік одақтың біртұтас кедендік аймағын құру және Кедендік одақтың 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз жұмысын бастайтыны туралы шешім қабылдады», - деп жазған «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы ЕурАзЭҚ- ның Бас хатшысы Тайыр Мансұровтың көлемді мақаласы «Еуразиялық идея болмыс ақиқатына айналды» деген тақырыппен берілген.
Кеше Үкімет қабырғасында өткен селекторлық мәжілісте Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қазақстанда жанармай бағасына мемлекеттік бақылау механизімі заңмен бекітілетінін хабарлады. «Үкімет бағаны бақылау тетігін заңмен қалай бекітпек?» Анық-қанығын осы мақаладан оқыңыздар.
Сондай-ақ «Айқын» газетінің «Руханият» айдарында жарық көрген «Күйдің кемел сардары» атты мақала Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, толғаушы Шәміл Әбілтайдың өнеріне тоқталыпты. «Бүгінде өнерде ғана емес, өмірде де жасандылық, жылтырақтық, даңғазалық белең алып тұрғаны баршаға мәлім. Сол жасандылық, жылтырлықтан ада, шынайы, табиғи қалпын бұзбаған жандардың бірі - біз айтып отырған Шәміл Әбілтай. Өмірде де, өнерде де»,- дейді басылым.
***
«...Көсіліп сөйлеп тұр. Үлкен зал толы халық түгелдей ұйып тыңдауда. Шыбынның ұшқан ызыңы естілердей. Қиыннан қиысқан логика, кестелі сөз, келісті дауыс мәнері, бұлақтай сылдыраған мөлдір ой әр құлақтың құрышын қандырғандай. Жүректен құйылған қоңыр үн сана төрінде күмбірлейді. Ол қиялды бірде биік қиялға алып ұшады, бірде сұлу әлемге енгізеді, терең сезім құшағына бөлейді. әр адам демін ішінен алып, шалқар шабыт тұтқынына түскен. Бір сағат бойына тылсым тіршілік құпиясынан сыр таратқандай. Телегей-теңіз шешендік құдіреті бұл». Осылай толғаған «Алтын орда» апталығының осы жолғы санындағы «Адамзаттың Әбіші» тақырыбымен берілген мақала Әбіш Кекілбайұлының өмір жолдарына арналған.
Осыдан бір айдан бұрын Кенесары хан атындағы қор құрылған болатын. Қорды құрушы - саясаткер Уәлихан Қайсаров. «Кенесары қоры не үшін құрылды?» Осы сауалға жауап іздегіңіз келсе, «Алтын орда» апталығындағы Уәлихан Әбішұлымен болған сұхбатқа назар аударыңыз.
Сондай-ақ осы басылымда Сағат Арынұлының әйгілі Сәкен Сейфуллин туралы жазған «Сәлем де Көкшетаудың биігіне...» атты эссесінің жалғасы жарияланған.