Үкімет басшысы 2014-2015 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы тұру кешенді жоспарын түзетуге қайтарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов 2014-2015 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы тұру кешенді жоспарын түзетуге қайтарды. Аталған құжатты ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев таныстырған болатын.
Өз сөзінде көлеңкелі экономикаға қарсы тұру кез келген дамушы мемлекет үшін маңызды екендігін атап өткен Үкімет басшысы: «Сондықтан да жұмыс тобының жұмыс нәтижесінде бүгін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі енгізген кешенді жоспар жасалды. Бұл мәселені жеткілікті талқыладық. ЭБЖМ-ге мемлекеттік органдармен бірлесіп, бүгінгі талқылауды ескере отырып, құжатты түзетуді және 13 наурызға дейін Үкімет қаулысымен келісілген кешенді жоспар жобасын енгізуді тапсырамын», - деді. Айта кетейік, министр Е.Досаевтың сөзіне қарағанда, 2012 жылы Қазақстандағы көлеңкелі экономика үлесі ЖІӨ-нің 19,2 пайызын құраған. Көлеңкелі экономика құрылымының басым бөлігін тауар өндіру мен бейресми қызметтер арқылы көрсетілетін қызметтер алады.