Үкімет басшысы: Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының дамуына қосымша серпін беру қажет
«Мемлекет басшысының шешімімен үш облыс ашылды. Олар: Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары. Бірақ, бұл облыстарды ұйымдастыру жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Осы ұйымдастыру жұмыстары толығымен біткеннен кейін ғана олар арнаулы кешенді әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларын дайындап, Үкіметте бекітетін болады», - деді Үкімет басшысы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Жаңа Қазақстан» бағдарламасына берген сұхбатында.
Оның атап өтуінше, бұл облыстар жаңадан ашылғаннан кейін оларға ерекше көңіл бөлініп, қосымша көмек көрсетілуі қажет.
«Сондықтан осындай кешенді жоспар қабылданады. Осы облыстарды құру шешімінің өзі аталған аймақта тұратын халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң ықпалын тигізіп отыр. Үкімет тарапынан қаражат бөлініп, осы облыстардың дамуына қосымша серпін беру қажет», - деді Әлихан Смайылов.
Осыған дейін Үкімет басшысының баспана бағасын қалай тұрақтандыруға болатыны туралы пікірін бердік.
Фото: primeminister.kz