Үкімет басшысы әкімдерге: Азық-түлік нарығындағы делдалдарды жойыңыздар
«Азық-түлік бағасына қатысты әкімдерге нарықты азық-түлік өнімдерімен молайту, сауда инфрақұрылымын дамыту және делдалдарды жою бойынша шараларды іске асыруды бақылауда ұстауды тапсырамын. Мұны желтоқсандағы мереке күндерінде және Жаңа жылдың алдындағы кезеңде ерекше бақылауда ұстауларыңызды сұраймын. Бұл жағдайды толық бақылауға алыңыздар», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің бірқатар өңірінде тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарлары сатып алынбағанын айтқанын еске салды.
«Бағалар өсіп жатыр. Кейбір өңірлердің қыркүйектегі депозиттерінің ешқандай өзгеріссіз жатқанын көріп отырмыз. Яғни, тұрақтандыру қорларының жұмысын толыққанды атқармай жатыр. Сол себепті Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне баға серпінін және тұрақтандыру қорларын қалыптастыруды мониторингілеп отыруды тапсырамын. Өмірзақ, Естайұлы, баға мәселесін бақылау өзіңізде», - деді Бақытжан Сағынтаев орынбасары әрі ауыл шаруашылығы министрі Шөкеевке қарата айтқан сөзінде.