Үкімет басшысы Ақтауда ірі өнеркәсіптік нысандарды цифрландыру барысымен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақтау қаласында «Шлюмберже» компаниясының өндірістік базасын және «Aktau Steel» ЖШС металлургиялық зауытын аралады. Онда цифрландыру және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу барысымен танысты, деп хабарлайды primeminister.kz. 

Үкімет басшысы Ақтауда ірі өнеркәсіптік нысандарды цифрландыру барысымен танысты

«Шлюмберже» компаниясының қазақтандық бөлімшесін аралау кезінде Бақытжан Сағынтаев мұнай кен орындарына қызмет көрсету бойынша кәсіпорынның технологиялық үдерісімен және жаңа өндірістік әрі сервистік мүмкіндіктерімен танысты.

Қазақстандағы «Шлюмберже» басшысы М. Разиев цифрландыру барысы туралы баяндады. Ол Шлюмберже «Цифрлық кен орны», «I-invoicing», «Шот ұсыну» жобалары бойынша «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Қаражанбасмұнай» АҚ, КНОС, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг», «Теңізшевройл» ЖШС секілді мұнай өндіруші кәсіпорындарға қызметтер ұсынумен айналысатынын айтты.

М. Разиевтің мәлімдеуінше, келешекте кәсіпорын Каспий өңірінде жобаларды іске асыру кезінде қолдау көрсететін тораптық орталыққа айналуға мүдделі.