12:10, 28 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Үкімет басшысы алдағы мереке күндерінде кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды
АСТАНА. Желтоқсанның 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Премьер-Министр Кәрім Мәсімов барлық мекемелерге алдағы мереке күндері кезекші немесе жауапты адамдар бекітуді тапсырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен облыс әкімдеріне және жалпы барлық басшыларға осыған байланысты тапсырма беремін. Алдағы ұзақ мереке күндері бар. Көпшілік ел демалысқа шығады. Осыған орай жергілікті жерлерде кезекшілер мен жауапты адамдар бекітілуі тиіс», деді К. Мәсімов.
Үкімет басшысы ауа райының суықтығына байланысты барлық энергиямен қамтамасыз ету нысандарында әрқашан жауапты адамдар болуы керектігін атап өтті.
«Үкімет басшысының Кеңсесіне осы мәселе бойынша кезекшілік ұйымдастыруды тапсырамын», деді Премьер-Министр. Осыған байланысты бұл мәселені өзі қадағалайтынын жеткізді. Сонымен бірге Үкімет басшысы көпшілікті Жаңа жылмен құттықтай келе, биылғы жыл оңай болмағанын, алайда барлық қиындықтар тиісті деңгейде өткерілгенін атап өтті.