Үкімет басшысы алкоголь өнімдеріне акцизді көтеруді тапсырды

Еске сала кетейік, бұған дейінгі Елбасы Н. Назарбаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Үкіметті дәл осы акциз мәселесіне қатысты қатаң сынға алған болатын.
«2014 жылдың табалдырығында тұрмыз. Ресей мен Беларусь - Кедендік одақ бойынша әріптестеріміз. Ал оларда акциз үш есеге жоғары. Біздің отандық тауар өндірушілердің алкоголь өнімдеріне нарыққа жолы жабық. Соған қарамастан, Қаржы министрлігі балама шараларды қабылдамай отыр», - деді Серік Ахметов.
Бұл ретте Үкімет басшысы аталған мәселегі қатысты бірден «қалқан орнату» деген болмауы керектігін, кедендік шекара болмағанымен, онда ереженің қажеттігін алға тартты. Сосын Премьер алкоголь өнімдерінің айналымы туралы заң арқылы тиісті шараларды қарауға болатынын да атап өтті.
«Ең алдымен алкогольге акцизді көтеру керек, екіншіден алкоголь өнімдерінің, оның ішінде өндірістің нақты айналымын түсінікті етуге тиіспіз», - деген Үкімет басшысы Қаржы министрі Болат Жәмішевке осы мәселемен мұқият айналысуды тапсырды.