Үкімет басшысы АШМ-ға ауа райын «сылтауратпай», жыл сайын тұрақты өнім алуды тапсырды

«Жалпы алғанда өнім аз алынған жоқ. Әрине, астық жинау кезінде ауа райы да елеулі әсер етеді. Тек соңғы үш жылды алып қарағанда дәнді дақылдардың жалпы түсімі 14-тен 27 млн. тонна аралығында ауытқып отырған. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігіне аграрлық институттармен бірлесе отырып, жаңа технологиялар енгізу керек. Оның нәтижесі, ауа райының қандай болғанына қарамастан, тұрақты мөлшерде өнім алу болуы тиіс», - деді С. Ахметов.
Оның айтуынша, егіс алқаптарын дамыту баяу жүргізілуде. Сондай-ақ, Үкімет басшысы АШМ-ға «ҚазАгромен» және облыс әкімдерімен бірлесе отырып, жиналған өнімді сақтауға, одан әрі өз елімізде және шетелдерде сатуға шаралар қолдану қажеттігін тапсырды.
Сонымен қатар, ол мал шаруашылығын азық-түлікпен, жем-шөппен қамтамасыз етуге тапсырма берді. Сондай-ақ, облыс әкімдеріне ұн мен әлеуметтік нанның бағасын жіті бақылауда ұстап отыру қажеттігін тағы да бір еске салды.
«Сонымен қатар, әкімдер ауыл шаруашылық құрылымдарына астықтарын нан өндіру орындарына, элеваторларға, сақтау және кептіру орындарына апаруға атсалысу керек. Үкімет тарапынан да қолдау болады», - деп атап өтті Үкімет басшысы.