Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне құс шаруашылығы кәсіпорындарын азықпен қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды тапсырды
АНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Ауыл шаруашылығы министрлігіне құс шаруашылығы кәсіпорындарын азықпен қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды тапсырды.
Аталған министрліктің жауапты хатшысы Евгений Аманның айтуына қарағанда, қазіргі уақытта құс шаруашығындағы жағдай күрделене түсуде. Осыған орай жұмыртқа мен құс етінің құны біршама көтеріліп отыр. Жалпы бұған дейінгі құс шаруашылығы өнімдерінің бағасының төмендеуіне жемдік астық құнының төмен болуы әсер еткен болатын. Ал қазіргі уақытта жем бағасы 2-3 есеге көтеріліп кеткен. Сонымен қатар еліміздегі жем-шөптік астық көлемі де аз болып отыр. Құс шаруашылықтарың меншікті егістік алқаптарының болмауы салдарынан олар 3 сұрыпты астықты жем үшін сатып алуға мәжбүр.
«Екіншіден, біз қажетті жем қорын сатып алу үшін көмек сұраймыз. Құс шаруашылықтары барлық өтінімдерін берді. Олармен Азық-түлік корпорациясы арпа, жемдік бидай және жүгерімен қамтамасыз ету кестесінің сценарийін әзірлеуде», - деді Е.Аман.
Өз кезегінде Үкімет басшысы бұл ұсынысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне зерделеуді тапсырды. «Осы апта ішінде зерделеңіздер және кешенді шаралар бойынша ұсыныс енгізіңіздер», - деді К.Мәсімов.