Үкімет басшысы ауыл шаруашылығын субсидиялауды азық-түлік тауарларының бағасын арзандату шараларымен байланыстыруды тапсырды

АНА. 10 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевқа ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді субсидиялауды азық-түлік тауарларының бағасын арзандату шараларымен байланыстыруды жүктеді.

Үкімет басшысы ауыл шаруашылығын субсидиялауды азық-түлік тауарларының бағасын арзандату шараларымен байланыстыруды тапсырды

Бұндай тапсырманы Премьер-Министр бүгін көктемгі егіс науқанына арналған Үкімет отырысында жүктеді.

К. Мәсімовтың пайымдауынша, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер үшін дизель отынының арзандатылуы және субсидиялау шаралары тікелей азық-түлік тауарларының бағасымен байланысты болуы тиіс. «Атап айтқанда, осы тұрғыда біз тиісті нәтижеге қол жеткізуіміз қажет»,-деп түйіндеді Премьр-Министр.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында мәлім болғанындай, ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге дизель отыны 68 теңгеден жеткізіледі. Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың сөзіне қарағанда, 68 теңге бұл тұтынушыларға жеткізілетін ең соңғы баға. «Бөлшек нарығында дизель отынының бағасы қазіргі кезде 76 теңгені құрап отыр. Атап айтқанда, бөлшек саудамен салыстырғанда 11 пайыз деңгейінде жеңілдік жасалатын болады»,-деді С. Мыңбаев.