Үкімет басшысы бастаған бір топ мемлекет қайраткері «Отан қорғаушылар» алаңына гүл шоқтарын қойып, ҰОС-да қаза тапқандарды бір сәт үнсіздікпен еске алды

Аталған шараға Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков, сондай-ақ ҚР Президенті, Үкіметі әкімшілігінің өкілдері, ҚР Парламенті Сенаты және Мәжілісінің депутаттары, Министрлер кабинетінің мүшелері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Алаңға ондаған мың астаналықтар мен қала қонақтары жиналды.
«Отан қорғаушылар» алаңындағы мәртебелі меймандарға арналған орындарға 400 майдангер жайғасты. Олардың жанында ҚР Республикалық ұланның үрлемелі оркестрі мен ҚР Қорғаныс министрлігі, «Жас ұлан» республикалық мектебінің құрама бөлімдері орналасқан.
Бір сәт үнсіздіктен кейін ардагерлер алаңда тігілген шатырларда болып қарақұмық ботқасынан дәм татты. Ал театр әртістері олардың құрметіне көріністер қойды.
Айта кетейік, астанада 72 гвардиялық Красноград атқыштар дивизиясы, 310 Новгород атқыштар дивизиясы және 387 Перекоп атқыштар дивизиясы құрылған болатын.