Үкімет басшысы бірқатар əкімдердің жұмысын сынға алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бюджет қаражатын игере алмаған бірқатар әкімді сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үкімет басшысының айтуынша, Қызылорда облысы республикалық бюджетте бөлінген қаржының 2,9 млрд теңгесін игермеген.
Облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың баяндауынша, 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша республикалық бюджет қаражаттары 90 пайызға игерілген. Игерілмеген сома 2,9 млрд теңгені құрайды.
«Көлік-инфрақұрылымның басым жобалары бойынша 15 жобаның 900 млн теңгесі игерілген жоқ. Аптаның соңына дейін келісімге отырып, қазынашылыққа тіркеледі. Игеру жағынан проблема болмайды. Келесі тұрғын үй құрылысы бойынша 725 млн теңге конкурстардың бірнеше рет жариялануына байланысты игерілмеген болатын. Қаржы толығымен игерілді. Жергілікті инфрақұрылым бойынша 675 млн теңге сот процестеріне байланысты игерілмеді. Екі нысан бойынша сот шешімі шықты, 13 және 20 қыркүйекте күшіне енеді. Мердігерлермен келісіп қаржыны игереміз. Су және кәріз бойынша 590 млн теңге игерілмеген болатын. Мердігерлермен кездесіп, қаржының игерілуі жағынан еш күмән жоқ»,- деді облыс басшысы Қырымбек Көшербаев.
«Қырымбек Елеуұлы, жылдың соңына дейін қаржының игерілетіндігіне күмәніміз жоқ. Бірақ, сіздер ешқандай проблема жоқ, қаржыны игереміз дейсіздер. Бізге уақытында игерілгені керек. Қаржыны алатын кезде барлық әкімшілер «уақытында игереміз, беріңіздер» дейді. Ал алғаннан кейін сатып алушылар, мердігерлер, тағы да басқа толып жатқан кемшіліктерді айта бастаймыз», - деп атап өтті Премьер-Министр.
Үкімет басшысының дерегінше, Түркістан облысы да 1,9 млрд теңгені игере алмаған.
«Жалпы жергілікті бюджеттің кірістер жоспары 109,7 пайызға орындалып, өткен жылдың осындай кезеңмен салыстырғанда 7,3 млрд теңге артық түсті, яғни 1,5 млрд теңгеге артып отыр. Ал игерілмеуге байланысты 2 млрд теңге Шымкент қаласы бойынша республикалық және облыстық бюджеттен қаралған нысаналы трансферттің есебінен құралып отыр. Бұл қаржылар республикалық бюджетке тиісті өзгерістер енгізілген соң біздің бюджеттен қысқартылып, Шымкент қаласының бюджетіне ауыстырылатын болады. Қалған бөлігінде жыл соңына дейін өзіміздің субъективті себептерімізге байланысты шара қолданамыз. Игереміз де сөз береміз»,- деді Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев.
«Жансейіт Қансейітұлы, қазір Түркістан облысының құрылғаны туралы шешім қабылданып, жұмысқа кірісіп кеттіңіздер. Елбасының тапсырмасы бойынша қосымша қаражат бөлінеді. Қазірдің өзінде Үкімет резервінен қаржы бөлініп жатыр. Осының барлығы уақытында игерілуі керек. Бұл өте үлкен маңызды шара. Осыған баса көңіл аударыңыз», - деп ескертті Үкімет басшысы.
Бақытжан Сағынтаевтың дерегінше, Алматы қаласы да қомақты қаржы игере алмаған.
Осы мәселеге қатысты жауап берген қала басшысы Бауыржан Байбек игерілмеген бюджет 3,4 млрд теңгені құрағанын айтты. 1,3 млрд теңге жер учаскелерін алу бойынша сотта қаралып жатыр. Абай даңғылын ұзартуға 1,1 млрд теңге қайта қаралады. 218 млн теңге Өжет ауылында су құбыры жүйесі бойынша жұмыстар кешіктірілген.
«Қаржы министрлігіне тапсырма: Алматы қаласы, басқа өңірлер де үнемделген ақша, игерілмеген қаражат жайында айтып жатыр. Ерболат Асқарбекұлы (Үкімет басшысының орынбасары-авт) бюджеттен қосымша қаржы сұрап отыр. Міне қалталарында ақшалар бар. Ешқандай қосымша қаржының қажеті жоқ, соны алып жасасын», - деп ескертті Бақытжан Сағынтаев Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа.
Премьердің дерегінше, Ақмола облысы 1,4 млрд теңге игермеген.
Мәселені білетіндігін айтқан облыс әкімі Мәлік Мырзалин «Себебі мердігерлер ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыс кестесінен қалып келеді. Жыл аяғына дейін барлығын шешеміз», - деді.
«Ауа райы тек Ақмола облысына ғана емес, Солтүстік Қазақстан облысында, Қостанай облысында да сондай. Ал бірақ, ол өңірлерде қаржы игеріліп жатыр. Жауап бергенде де қисынын келтіріп жауап беріңіз», - деп ескертті Бақытжан Сағынтаев.
«Құрметті әріптестері өткенде айтқанмын, тағы да қайталап айтамын. Игерілмеген қаржының барлығы шұғыл қажет болып отырған салаларға кетеді. 6 айдың қорытындысы бойынша қарағанбыз. Қазір де дәл сондай. Бюджетті қайта қарау кезінде сіздердің қарауларыңыздан алынатын болады»,- деп қосты Үкімет басшысы.