16:08, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
Үкімет басшысы депутат сауалына жауап берді
АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліс депутаты Тұрарбек Асановқа ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтен жауап келді. Қаңтардың 21-і күнгі Үкімет басшысына жолдаған сауалында депутат Алматы облысы, Райымбек ауданының автокөлік жолдарын күрделі жөндеуге қатысты және өңірді ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде мәселе қозғаған еді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Үкімет басшысы өз жауабында Көлік және коммуникация министрлігінің 2009-2011 жылдарға арналған бюджеттік өтінімінде «Көлсай көліне дейінгі Көкпек ? Кеген ? Түп ? Жалаңаш ? Саты ? Құрметті» автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізу үшін 2009 жылы 455 млн. теңге көлемінде қаражат көзделгенін жазады. Алайда, қалыптасқан экономикалық ахуалға байланысты 2009 жылы бөлінген қаражат негізінен басталған нысандарды аяқтауға бағытталғаны, сондықтан жоғарыда аталған автожолға күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары келесі жылға ауыстырылғаны айтылған.
«Нарынқол және Жалаңаш ауылдық елді мекендердің су құбырын жөндеу жұмыстарын қаржыландыру мәселесіне тоқталатын болсақ, 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджетке сәйкес Нарынқол ауылын сумен жабдықтау жүйесін дамыту үшін 625,2 млн. теңге, ал Жалаңаш ауылына 2011 жылы 150 млн. теңге бөлу көзделген», деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.