Үкімет басшысы депутаттың Астана көшелеріне қоғам және мемлекет қайраткерлерінің есімін беру жөніндегі ұсынысын қолдайды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет басшысы Астана қаласының көшелеріне тарихи тұлғаларымыз бен мемлекет қайраткерлерінің есімін беру, ескерткішін орнату тәрізді есте қалдыру шараларын жүзеге асыруға қатысты депутат сауалы қаралғанын, Отанымыз үшін орасан еңбек сіңірген, жоғары марапатқа лайықты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерін ұлықтау мақсатында көтеріп отырған ұсыныстарды қолдайтынын жеткізген.
Астана қаласының әкімшілігіне қаланың көшелеріне Сафуан Шаймерденовтің, Мұхаметжан Тынышбаевтың, Әлкей Марғұланның Ермұхан Бекмахановтың, Манаш Қозыбаевтың, Борис Ельциннің, Александр Княгининнің, Николай Макиевскийдің есімдерін беру мәселесін қалалық ономастикалық комиссияның алдағы отырысында қарауға тапсырма берілген.
«Бүгінде елімізде, оның ішінде Астана қаласында да тарихи тұлғаларымызға арналған ескерткіштер саны біртіндеп артып келеді. Оның ішінде жақында орнатылған «Қазақ елі» сәулеттік-мүсіндік кешенін, Кенесары хан, Бөгенбай батыр, Ж.Жабаев, С.Сейфуллин, Ә.Молдағұлова, Б.Момышұлы ескерткіштерін және Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ескерткіш-кешенін айтуға болады.
Сонымен қатар, қазақтың белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған ескерткіштер еліміздің өзге де аймақтарында орнатылып жатқанын хабарлаймын. Мысалы, осы күнде Қарасай, Наурызбай, Райымбек батырлар (Алматы облысы), И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы (Атырау қаласы мен облысы), Бұхар жырау (Қарағанды қаласы мен Павлодар облысы), Сырым Датұлы (Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысы), Бөгенбай батыр (Ақмола облысы), Х.Досмұхамедов (Атырау қаласы мен облысы), Ж.Досмұхамедов (Орал қаласы), М. Дулатов (Қостанай облысы), А.Байтұрсынұлы (Алматы қаласы мен Қостанай облысы), М.Тынышбаев (Алматы облысы), М. Шоқай (Қызылорда облысы), Ә. Марғұлан (Павлодар облысы мен Алматы қаласы), М. Жұмабаев, М. Қозыбаев (Петропавл қаласы), С. Сәдуақасовқа (Солтүстік Қазақстан облысы) және т.б. ескерткіштер орнатылған.
Бұдан бөлек, жақын жылдары Семей қаласында Алаш қайраткерлеріне арналған үлкен монументалды ескерткіш, Петропавл қаласында Қожаберген жырауға, Орал қаласында И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлына, Алматы қаласында А.Байтұрсынұлына, Райымбек батырға, М.Х.Дулатиге, Т.Рысқұловқа, Б.Момышұлына ескерткіштер орнату жоспарланған.
Ал осы жылы М.Дулатовтың туғанына 125 жыл толуына орай, елімізде оның кітаптарын басып шығару, М.Дулатұлы туралы деректі фильм түсіру, ғылыми-практикалық конференция мен салтанатты кеш өткізу және т.б. іс-шаралар өткізілетінін жеткіземін.
Сондай-ақ М.Өтемісұлының есімі Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетіне, С.Асфендияровтың есімі Алматыдағы Қазақ Ұлттық Медицина университетіне, М.Тынышбаевтің есімі Қазақ көлік және коммуникация академиясына, Х.Досмұхамедовтың есімі Атырау мемлекеттік университетіне, М.Қозыбаевтың есімі Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне, А.Байтұрсынұлының есімі Тіл білімі институтына, Ә.Марғұланның есімі Археология институтына берілгенін хабарлаймын.
Көше атын беру мәселесіне келсек, Астана қаласында Қарасай батыр, Наурызбай батыр, Қабанбай батыр, Қожаберген жырау, Мұрын жырау,Доспамбет жырау,Шалкиіз жырау, Сырым Датұлы, И.Тайманұлы, М.Өтемісұлы, Бөгенбай батыр, Батыр Баян, М. Тынышбаев, Ә.Қашаубаев,Ә.Қастеев, М.Шоқай, Х.Досмұхамедов, М.Дулатов атында көше бар екенін және аталған тұлғалардың есімдерін ұлықтау мақсатында елімізде басқа да игі істер жалғасын таба беретінін мәлімдеймін»,- дейді өз жауабында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов.
Сонымен қатар ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясы жұмыс істейтіндігін және оның құрамында министрліктер мен ведомстволардың басшы өкілдерімен бірге белгілі ғалымдар, соның ішінде Парламент Мәжілісінің депутаттары бар екендігін жеткізген.
Мұнымен қоса, жергілікті өкілді және атқарушы органдар тарапынан түскен ұсыныстар бойынша республикадағы мемлекеттік деңгейдегі мекемелер мен ұйымдарға, физикалық-географиялық объектілерді атау және қайта атауға қатысты мәселелер Мемлекеттік ономастика комиссиясының оң шешімі болған жағдайда, белгіленген тәртіп бойынша Үкімет қаулысымен іске асырылатыны мәлімделген.
Сонымен қатар Үкімет басшысы қазақ зиялыларын есте қалдыру мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі С.Бақтыгереевтің «Халел Досмұхамедов», Әкім Таразидің «Мұстафа Шоқай», М. Тынышбаевтың «История казахского народа», Дәулет Мұхамеджанұлының «Мухамеджан Тынышпаев. Научные труды, политические выступления, документы», «Тарихи тұлға тағылымы» сериясымен Г. Міржақыпқызының «Міржақып Дулатов», М.Козыбаевтың «Ел және Ер» сериясымен «Тұлғалар тұғыры» және «Сана» сериясымен «Киелі тәуелсіздік» атты кітаптарды жарыққа шығарғанын хабардар етіп отыр.