Үкімет басшысы ел халқының шағымдарына қатысты пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Азық-түлікпен қамтамасыз ету саласында делдалдық схемаларды жою мәселесіне екпін қойылады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: primeminister.kz

«Азаматтардың талап-тілектері мен өтініштеріне дер кезінде жауап беру біздің жүйелі әрі нәтижелі жұмысымызға айналуы тиіс. Олардың дені негізінен жұмыспен қамту, табысты арттыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету және тіршілікке қажетті инфрақұрылым нысандарына қатысты. Алайда, қоғамды ең алдымен, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру мәселесі толғандырып отыр. Бұл мәселені жаңа тәсілдерді қолдана отырып, шешу қажет», - деді Ә. Смайылов Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде.

Оның айтуынша, делдалдық схемаларды жойып, форвардтық сатып алуды қолдану, сондай-ақ шикізат сатып алу үшін кәсіпорындарға айналым қаражатына кредит беру керек. Сонымен бірге, Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктері маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру бойынша қосымша ұсыныстар беруі тиіс.

«Жылыту маусымын талқылау кезінде біз энергия объектілері мен желілердің мәселесін бірнеше рет көтердік. Биыл тұрғындардың тарапынан айтылған арыз-шағымдардың көп бөлігі жылу желілерінің жағдайына қатысты болды. Сондықтан, осы жылдан бастап оларды жөндеу және реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыс басталады», - деді Үкімет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Әлихан Смайылов экономика саласындағы басты міндеттерді айтты.


Соңғы жаңалықтар