Үкімет басшысы еліміздегі өндірістік қуаттарды тиімді орналастырудың картасын әзірлеуді тапсырды
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне еліміздегі өндірістік қуаттарды тиімді орналастырудың картасын әзірлеуді тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Үкімет басшысының айтуы бойынша, аталмыш карта еліміздегі өндірістік қуаттарды қалай болса солай, қалаған жерге емес, барлық мүмкіндіктерді ескере отырып тиімді орналастыру үшін қажет. «Қолданыстағы перспективалы бағаның, қол жетімділіктің және жобаларды жүзеге асыруға арналған базалық шарттар сапасының негізінде республикамыздың нақты аумағына бекітілген инвестициялық жобалардың перспективалары, жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдаудың қажетті көлемі мен деңгейі және өндірістік өнімдерді сатудағы әлеуетті тәуекелдер анықталуы тиіс», деді өз сөзінде Үкімет басшысы. К. Мәсімов Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі аталмыш картаны алдағы сейсенбіге дейін әзірлеуі тиістігін атап көрсетті. «Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда қандай бағытта жылжып бара жатқанымызға жауап болуы тиіс. Мамыр айында осы мәселені пысықтап, маусымда оған нүкте қоюымыз қажет», деді Премьер-Министр.