12:52, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Үкімет басшысы елшілерді қабылдады
Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Франция, АҚШ және Катар мемлекеттері дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларымен кездесулер өткізді,

деп хабарлады ҚазАқпаратқа Үкіметтің баспасөз қызметі.
Премьер-Министрдің Француз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ален Куанонмен болған кездесуі барысында қазақстан-француз қарым-қатынасын әрі қарай дамыту жайы талқыланды.К.Мәсімов 2008 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Парижге жасаған сапарының қорытындысы бойынша қол қойылған Стратегиялық әріптестік жөніндегі шарт өзара байланыстардың жаңа көкжиегін ашатынын атап өтті.
Сондай-ақ, екіжақты ынтымақтастықты дамытудың ендігі маңызды қадамы Франция Президенті Н.Саркозидің ағымдағы жылдың көктеміне жоспарланған Қазақстанға сапары екені атап өтілді.Франция Президентінің алдағы сапарына әзірлік барысына қатысты екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың кейбір мәселелері талқыланды.Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ричард Хоугландпен кездесуде ағымдағы экономикалық жағдай және Үкімет қолға алып жатқан экономиканы тұрақтандыру жөніндегі шаралар әңгіме болды.
Тараптар Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі, сондай-ақ Каспий аймағында энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың кейбір мәселелерін қозғады.
Соңынан К.Мәсімовтің Катар Мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Насер Рашид Мухаммед әл-Наимимен кездесуі өтті.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Катар Мемлекетінің арасындағы сауда- экономикалық байланыстарды одан әрі дамытып, мәдени- гуманитарлық қарым- қатынастарды нығайту жайы талқыланды.