Үкімет басшысы: Этникалық қазақтарды қоныстандырудың жаңа тәсілдерін әзірлеу қажет
АСТАНА. ҚазАқпарат – Этникалық қазақтар үшін «бір терезе» қағидатын енгізу қажет. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, қандастарды қоныстандыру және этникалық қазақтарды қабылдау бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу қажет. Тарихи отанына көшуге ниет білдірген этникалық қазақтар үшін «бір терезе» қағидатын енгізу қажет», - деді Үкімет басшысы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Осы орайда Премьер-Министр «бір терезе» функциясын Қазақстанның шет елдердегі мекемелері атқаратындығына назар аудартты.
«Оларға жүгінетін этникалық қазақтар кіру визасын ғана емес қандас мәртебесін беру жөнінде шешім туралы, қоныстану аумағы және жергілікті жерлерде берілетін мемлекеттік қолдау туралы ақпаратты алуы тиіс», - деді Әлихан Смайылов.