Үкімет басшысы Еуропалық Одақ өкілдігінің басшысымен кездесу өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігінің басшысы Траян Христеамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сілтеме жасап.

Үкімет басшысы Еуропалық Одақ өкілдігінің басшысымен кездесу өткізді

Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру, сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту және шетелдік инвестицияларды тарту мәселелері талқыланды. 

Айта кетерлігі, Қазақстанның Еуропалық Одақпен сауда-экономикалық байланыстары жоғары деңгейде сақталып отыр. Еуроодақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. Оның үлесіне ҚР-дың сыртқы сауда айналымының 50% және ел экономикасына тартылған шетелдік капиталдың жартысынан астамы тиесілі.

2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанның ЕО елдерімен сыртқы сауда айналымы $9 млрд құрады (2017 жылдың қаңтар-наурыз айларында - $6,8 млрд). 2017 жылғы қаңтардан желтоқсан айына дейін бұл көрсеткіш $30 млрд құрады (экспорт - $24,2 млрд, импорт - $5,7 млрд), бұл $60,2 млрд көлеміндегі ҚР-ның сыртқы саудасының жалпы көлемінің 49,8% құрайды.

2017 жылы Еуропалық Одақтан тартылған тікелей шетел инвестицияларының жалпы ағыны жалпы $20,7 млрд-тың $9,8 млрд құрады. Негізгі инвестор елдер: Нидерланды ($4,4 млрд), Бельгия ($960,6 млн), Франция ($595,3 млн), Ұлыбритания ($418,8 млн), Германия ($280,8 млн) және Люксембург ($276, 8 млн).

Қазақстан мен ЕО елдерінің арасындағы тауар айналымы 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында $5,5 млрд құрады, бұл өткен жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 32,6%-ке жоғары ($4,2 млрд) көрсеткіш.