15:55, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Үкімет басшысы халықаралық компаниялар өкілдерімен кездесті
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат. Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ақпараттық - байланыс технологиялар саласындағы жетекші халықаралық компаниялар өкілдерімен кездесті,

деп хабарлады ҚазАқпаратқа Үкіметтің баспасөз қызметінен. «Cisco sistems» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джон Чемберс бастаған компанияның бір топ өкілдерімен болған кездесуде Қазақстанда телекоммуникациялық желілерді әрі қарай дамыту мүмкіндіктері және екі жақты ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.Джон Чемберс компания денсаулық сақтау, білім беру салаларында телекоммуникациялық желілерді дамыту жобаларына атсалысуға, сондай-ақ қазақстандық IT- мамандарды оқытуға дайын екенін жеткізді.Кездесу соңында тараптар қазақстандық IT- рынокты одан әрі дамытуда өзара ынтымақтастықтың мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті.Сонымен қатар, Премьер-Министр «Microsoft» корпорациясының аға вице-президенті Орландо Аяла бастаған өкілдермен кездесті.
Кездесу барысында мемлекеттің инфрақұрылымдық ірі нысандарында операциялық шығындарды анағұрлым қысқарта отырып, тиімділік пен өнімділікті арттырудың жай-күйі талқыланды.Тараптар елдің экономикасын тұрақтандыруда, оның әрі қарайғы орнықты өсімінде және бәсекелестігін арттыруда ақпараттық технологиялардың рөлі туралы пікірлесті.
«Microsoft» өкілдері Қазақстанмен денсаулық сақтау, электронды білім беру және IT- индустриясының мамандарын дамыту салаларында қарым- қатынасты тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді.