Үкімет басшысы К. Мәсімов алдағы жазда республика өңірлерін аралап, жергілікті жағдаймен нақты танысуды жоспарлап отыр
АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов алдағы жазда республика өңірлерін аралап, жағдаймен нақты танысуды жоспарлап отыр.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы ҚР Үкіметінің есебі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің қорытындысын талқылау барысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті.
«Депутаттық корпус тарапынан көтерілген мәселелердің барлығы орынды. Бұлардың өзі Үкіметте арнайы бір отырыс өткізіп талқылауға жүк болатын түрі бар. Сонымен қатар, мен алдағы жазда республикамыздың барлық дерлік өңірлеріне сапар жасаймын. Онда жеткен табыстармен қоса, кемшіліктерді де жергілікті орындарда көзбен көргім келеді», - деді Кәрім Мәсімов.
Бұл ретте Премьер-Министр өңірлерде құрылысы шектелген әрбір әлеуметтік нысанға жауапты тұлғалар бар екенін, солардың нақты міндеттерін қарастыратынын жеткізді. «Үкімет Кеңсесіне нақты тапсырмалар жүктеймін. Бүгінгі айтылған мәселелер тағы да пысықталуы тиіс», - деді Үкімет басшысы.