Үкімет басшысы "Қаламгер-Азамат" жас тілшілер форумына қатысушыларға құттықтау жолдады

АЛМАТЫ. 5 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов тамыздың 16-18 күндері өтетін IV республикалық "Қаламгер-Азамат" жас тілшілер форумына қатысушыларға жолдаған құттықтауында: «Қаламдарыңыз қарымды, жазған туындыларыңыз тағылымды болсын!», - деп лебіз білдірген.

 Үкімет басшысы  "Қаламгер-Азамат" жас тілшілер форумына қатысушыларға құттықтау жолдады

Бұл құттықтауды бүгін шараның ұйымдастырушылары Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында оқып берді.

"Еліміздің түрлі БАҚ-дарында қалам тартып жүрген жасөспрімдердің шығармашылықтарын дамытуда "Қаламгер-Азамат" форумының алар орны ерекше. Осындай игі бастамалардың нәтижесінде болашақ журналистердің шығармашылық тынысы кеңейіп, қоғамға деген өзіндік көзқарасы қалыптасатынына, сондай-ақ танымдық қабілеттері арта түсетініне сенімім мол", - дейді Кәрім Қажымұқанұлы. "Өнерліге өріс кең" деген халық даналығын тілге тиек еткен Үкімет басшысының бұл хатының мәтінімен "Заңғар" шығармашылық бірлестігінің төрағасы Айдар Қырықбай таныстырды. Онда: "Білім - тұңғиық теңіз, өнер - сарқылмас байлық. Ұлтымыздың болашағы да, мәдениеті мен әдебиетінің келешегі де Сіздердің қабілет-қарымдарыңызбен астасып жатыр. Тәуелсіз еліміздің тәлімді ұрпағын қалыптастыруда өздеріңіздей жас өрендердің орны бөлек, жүктелер жауапкершілік те жоғары. Бұл жиынды ұйымдастырудағы басты мақсат - бұлақтың көзін ашып, балауса дарынды шыңдау, елінің болашағы үшін қызмет ететін патриот азамат тәрбиелеу",- деген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов.