Үкімет басшысы қай салада кадрға сұраныс артатынын ескертті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда ІТ саласы мамандарын дайындау халықаралық стандарттарға сай келе бермейді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Технологиялық және цифрлық серпілістің аса маңызды құралдарының бірі - сапалы адами капитал. Еліміздің ІТ саласына жыл сайын бірнеше мың білікті маманға сұраныс туындайды. Осы саладағы кадрларға деген сұраныс үнемі өсетін болады. Дегенмен, қазіргі таңда бізде осындай мамандарды дайындау халықаралық стандарттарға сай келе бермейді», - деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, аталған міндетті шешу үшін жақында елордада Халықаралық ІТ университеті ашылды. Бұған қоса, Astana Hub-та «Әлем» білім беру бағдарламасы қолданылып жатыр.
«Ол француздық әріптестермен бірге дайындалған. Белгілі америкалық «Квазар« компаниясымен бірге осындай жобаларды бастауға дайындық жүріп жатыр. Бұл бірінші кезеңде жыл сайын 1 мыңнан астам ІТ мамандарын оқытып шығаруға мүмкіндік береді. Сондықтан Цифрлық даму министрлігіне Білім министрлігімен бірге ІТ мамандарын сапалы дайындау жұмысын әлемдегі үздік тәжірибелелерді қолдана отырып жандандыруды тапсырамын», - деді ол.
Үкімет басшысы ақылды қала жобаларын іске асыруға ерекше назар аудару қажеттігін де баса айтты.
«Қалалардың тыныс-тіршілігіне цифрлық технологияларды енгізу мәселесін Үкіметтің алдағы отырыстарының бірінде қарайтын боламыз», - деп ескертті Асқар Мамин.