Үкімет басшысы Қазақстанның тамақ өнімдерін сату үшін Ресейде сауда желілерін сатып алуды ұсынды

АСТАНА. Қарашаның 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Ресейдің ірі қалаларындағы сауда желілерін сатып алу арқылы Қазақстанның тамақ және ет өнімдерін сыртқы нарықта сатуды ұсынды,

Үкімет басшысы Қазақстанның тамақ өнімдерін сату үшін Ресейде сауда желілерін сатып алуды ұсынды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ресейдің ірі қалаларында, мәселен 10 млн. халқы бар Мәскеуде жақсы-жақсы сауда желілерінің барын білеміз. Мына дағдарыс жағдайында мүмкін олардың құны арзандаған болар. Бұлар Қазақстанның тамақ және ет өнімдерін сату үшін әлеуетті нарық бола алады. Бұл жерде өнімдерді ресейлік әріптестерге сату мәселесін ғана емес, сауда желілерді сатып алу мәселесін ойластыру қажет», деді Үкімет басшысы бірінші орынбасары Ө. Шөкеевке қаратып айтқан сөзінде.

Осы орайда Премьер-Министр бұл істі Қазақстан даму банкінің қаржысы арқылы дөңгелетуге болатынын атап өтті.  «Алайда, бұны бизнес мүмкіндігінше өзі істегені жөн. Қандай да бір желіні сатып алса, бізде әлеуетті нарық пайда болады», деді ол. «Алдымызға мынадай мақсат қоялық: бизнеске бір желіні сатып алуға көмектесейік, сол арқылы өз өнімдерімізді сата бастайық», деп тұжырымдады сөзін К. Мәсімов.