Үкімет басшысы Маңғыстау облысындағы битум зауытының құрылысын жылдамдатуды тапсырды

АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Маңғыстау облысындағы битум зауытының құрылысын жылдамдатуды тапсырды,

Үкімет басшысы Маңғыстау облысындағы битум зауытының құрылысын жылдамдатуды тапсырды
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мен мұны инвестиция салуды қажет ететін сала (битум зауыты-ред.) деп санаймын. Бұл әуедегі «қорған» емес, бұл біздің нақты сұранысымызды өтейтін нысан. Қазіргі құлдыраудан кейін қайтадан өсім болады, сол кезде біз мұнай өнімдерінің тапшылығын қайтадан сезінетін боламыз», - деді Үкімет басшысы. Премьер-Министр қазір мұнай саласын дамытатын, инвестициялайтын кезең екендігін атап көрсетті. «Сондықтан «Самұрық-Қазына» қорына, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне, Көлік және коммуникация министрлігіне және басқа да ведомстволарға инвестициялық бағдарламаларында осыны қарастыруды тапсырамын. Себебі, бұл электр энергетикасы секілді нақты өндіріс», - деді Премьер-Министр. Осы орайда Үкімет басшысы С. Мыңбаевқа «Самұрық-Қазына» қорымен және «ҚазМұнайГаз» компаниясымен осы мәселені пысықтап, Үкіметтің қаулысын дайындауды жүктеді.