14:32, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Үкімет басшысы, мемлекеттік органдар басшылары, барлық деңгейдегі әкімдер дағдарыстан шығу бағдарламасының орындалуына жеке-жеке жауап беретін болады ? Елбасы
АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет басшысы, мемлекеттік органдар басшылары, барлық деңгейдегі әкімдер дағдарыстан шығу бағдарламасының орындалуына жеке-дара жауап беретін болады.
Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен Мемлекет басшысы Н. Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі қиындықтар біздің үлесімізге жазылған алғашқы сынақ емес. Өтпелі кезеңдегі дендеген дағдарысты Кеңес одағы ыдырағаннан кейін-ақ, 90-шы жалдардың басында қарсы алғанбыз. Ол кезеңде экономиканың құлдырауы 60 пайызға дейін жетті. Инфляция мыңдаған пайызға көтеріліп кетті, нақтырақ айтқанда екі мыңнан асып кетті. Азия қаржы нарығы тудырған екінші әлемдік дағдарысты 90-шы жылдардың аяғында өткердік. Онда мұнай бағасы 9 долларға дейін төмендеген болатын, зейнетақы мен жалақыны төлеуге шамамыз келмеді. Бірақ, біз біріге отырып бұл қиындықтарды еңсердік қой. Уақыт өте келе, біз бүгінгі дағдарысты да бастан өткергендігімізді айтатын боламыз. Біздің қолымызда қалыптасқан жағдайдан жаңа өсуге дайындықпен шығу үшін барлық жағдайлар бар. Дағдарыстағы біздің мақсатымыз - оның өзін басқару. Әзірше бұл біздің қолымыздан келіп тұр», - деді Н. Назарбаев.
Сонымен бірге, Елбасы дағдарысқа қарсы бағдарламаға тоқтала келе, бұл мақсатта жеткілікті қаражат бөлінгенін атап өтті. «Үкімет басшысы, мемлекеттік органдар басшылары, барлық деңгейдегі әкімдер дағдарыстан шығу бағдарламасының орындалуына жеке-жеке жауап беретін болады. Бүгінгі проблемалар және біздің олармен күресуіміз кемелдену мәселесіне жасалған сынақ болып табылады. Бізге өз дамуымыздың жаңа сатысына көтеріліп, жетістіктерімізді де арттыратын кез келді. Мен діттеген мақсатты бағындыратынымызға сенімдімін», деді Н. Назарбаев.