Үкiмет басшысы мен Денсаулық сақтау министрi медицина қызметкерлерiн кәсiби мерекелерiмен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайында медицина қызметкерлерiнiң күнiне орай мерекелiк концерт өттi. Онда ҚР Премьер-Министрi Кәрiм Мәсiмовтiң құттықтауын оның орынбасары Гүлшара Әбдiқалықова оқып бердi.
«Қазақстан қазiргi заман жағдайындағы дамуында экономикалық және әлеуметтiк прогрестiң негiзгi көрсеткiшi ретiнде денсаулық сақтау саласына үлкен маңыз берiп келедi. Бұл сала экономиканың елеулi бөлiгi, халықтың әлеуметтiк әл-ауқатының басты индикаторы болып табылады. Жақсы денсаулық экономикалық дамудың iргетасы деп қараған жөн. Бүгiнде елiмiзде диагностика мен емдеудiң заманауи технологиялары игерiлуде: ең озық клиникалар салынуда, медициналық бiлiм беру жүйесi жаңғыртылуда.
Адамдардың өмiрi мен денсаулығына деген жауапкершiлiк, жоғары бiлiм мен үлкен кәсiбилiк тәжiрибелерiңiз барша қоғамның тұрақты дамуына үлкен негiз беруде.
Құрметтi медицина қызметкерлерi, кәсiби мерекелерiңiзбен шын жүректен құттықтаймын! Араша түскен өмiрлер үшiн сiздерге iзгi ниеттi ризашылығымды бiлдiргiм келедi. Жұмыста сәттiлiк, мықты денсаулық, ұзақ өмiр тiлеймiн», - делiнген Үкiмет басшысының құттықтау сөзiнде.
ҚР Премьер-Министрiнiң орынбасары Гүлшара Әбдiқалықованың айтуынша, қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту - Елбасы саясатының басым бағыттарының бiрi. Елiмiзде денсаулық сақтау саласын дамытуға барлық жағдайлар жасалуда.
Одан iле сөз алған Қазақстанның Денсаулық сақтау министрi Салидат Қайырбекова, барлық әрiптестерiн құттықтап, бiрқатар үздiк медицина қызметкерлерiн «Ерен еңбегi үшiн», «Үздiк қызметкер» төсбелгiлерiмен марапаттады.
«Бiздiң жұмысымызға қарап, барша халық мемлекетiмiздiң қызмет көрсету саласын бағалайды. Сондықтан бiздiң мойнымыздағы жауапкершiлiктi iстi абыроймен атқаруды сұраймын. Біз министрден бастап, шалғайдағы қарапайым акушерлiк қызметкерлерге дейiн өз iсiнiң жетiк маманы ретiнде жоғары сапалы қызмет көрсетуге тиіспіз», - дедi ол.
Мерекелiк шара барысында Лаки Кесоглу, «Кеш you» тобы сынды отандық эстрада жұлдыздары өнерлерiн паш еттi.