Үкімет басшысы мүгедектердің өмір сапасын жақсарту бойынша шаралар жоспарының келесі кезеңін әзірлей бастауды тапсырды

Аталған тапсырманы бүгін 2012-2018 жылдарға арналған мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы қарастырылған Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов жүктеді.
Оның атап өтуінше, бұл салада әлеуметтк инфрақұрылым нысандарына мүгедектігі бар азаматтардың кіріп-шығу мүмкіншілігін қамтамасыз ету, медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді жетілдіру, мүгедектерді оңалту сынды проблемалы мәселелер бар.
«Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеуметтік жаңғырту аясында үкіметте 2030 жылға дейін қазақстанның әлеуметтік дамуы жалпыұлттық тұжырымдамасының жобасы қарастырылуда. Оның қабылдануымен әлеуметтік сала дамуының жаңа кезеңі басталады. Сонымен қатар «Мүгедектер құқығы туралы» конвенцияға сәйкес халықаралық міндеттеме жүзеге асырылуы тиіс», - деді ол.
Елімізде мүгедектігі бар әрбір азамат қоғам өмірінің белсенді қатысушысы болуы үшін қажетті әлеуметтік-экономикалық жағдай жасалуы қажет. «Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен тығыз жұмыс істеп, 2014-2015 жылдарға арналған келесі кезең іс-шаралары жоспарын әзірлеуге кірісуді тапсырамын», - деді С.Ахметов.