Үкімет басшысы ормандағы өрт жөнінде: Техника мен адамдарды көбірек жіберу керек еді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Семей орманындағы өртке байланысты Экология мен Төтенше жағдайлар министрліктеріне тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысы ормандағы өрт жөнінде: Техника мен адамдарды көбірек жіберу керек еді

«Мен бұған дейін өрт кеңінен тарамай тұрып, басталған сәтте, оны сөндіру үшін шұғыл әрекет ету керектігін ескерткен болатынмен. Өрттің таралуына жол бермеу үшін техника мен адамдарды көбірек жіберу керек еді. Далада немесе орманда өрт шыққан бірінші күні алғашқы сағаттарда тиісті қадамдарды қабылдау өте маңызды. Мұндайда жағдайды дұрыс бағалап, кез келген апаттың алдын алуға барлық күш-жігерді жұмсау керек. Сонда ғана шығын азайып, адам өлімі мен ауқымды апаттан аман қалуға болады», - деді Үкімет басшысы.

Осы орайда Премьер-Министр Экология министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, елдің ұлттық парктері мен орман шарушылықтарын тілсіз жауды ерте анықтау және мониторинг жүйелерімен жарақтандыру жөнінде іс-шаралар қабылдауы керектігін айтты.

«Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге табиғи өрттерге қарсы әрекет ету алгоритмін қайта қарауы қажет. Ең бастысы, жалынды толықтай ауыздықтап, өшіру керек. Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары орындалуы тиіс», - деді Әлихан Смайылов.