Үкімет басшысы шекарадағы фитосанитарлық және ветеринарлық бақылауды Кедендік бақылау комитетінің құзырына беруді жүктеді

Бұл тапсырманы Премьер-Министр бүгін селекторлық режімдегі Үкімет отырысында жүктеді.
ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішевтің сөзіне қарағанда, еліміз шекарасында кеденшілер мен шекарашылардан құралған екі ғана орган болуы тиіс. Министрдің айтуынша, бақылаудың барлық түрін Кедендік комитеттің қарауына беру тұрғысында заң қабылданған кезде фитосанитарлық мәселе бойынша ымыралық шара қабылданған көрінеді. Атап айтқанда, бұл қызметті атқару үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері Кедендік бақылау комитетіне уақытша іссапарға жіберіліп отырды.
«Яғни іс жүзінде ҚР АШМ шекарада қызмет жасап жүр дегенмен тең. Меніңше, бұл қызметтерді кедендік комитетке беру керек. Ал қызметкерлерге біліктілік талаптарын бекіту қажет»,-деді Б. Жәмішев.
Өз кезегінде ҚР Ауыл шаруашылы министрі Асылжан Мамытбеков бұл мәселені қосымша зерделеу керектігін атап өтті.
Қос ведомствоның басшыларын тыңдағаннан кейін К. Мәсімов шекарадағы фитосанитарлық және ветеринарлық бақылауға соңғы нүкте қойды. Яғни, Үкімет басшысы бұл мәселе тұрғысындағы талқылауды жабатынын және осы жайында бұған дейін бірнеше мәрте қаралғанын айта келе, бұл бақылау түрін Кедендік бақыл комитетіне беруді жүктеді.