Үкімет басшысы тамызға дейін «Энергия үнемдеу - 2020» бағдарламасының жобасын даярлауды жүктеді

АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - Премьер-Министр Серік Ахметов ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп биылғы 1 тамызға дейін Үкімет қарауына энергия үнемдеудің 2020 жылға дейінгі аралығына негізделген бағдарламаның жобасын енгізуді тапсырды.

Үкімет басшысы тамызға дейін «Энергия үнемдеу - 2020» бағдарламасының жобасын даярлауды жүктеді

Бұндай тапсырманы ол бүгін болған Үкімет отырысында жүктеді.

Осы орайда С. Ахметов бағдарламаның барлық жағдайы тыңғылықты қарастырылуы, оның ішінде қаржыландыру бағыттары жан-жақты зерделенуі қажет екенін атап өтті.

«Негізгі талаптар мен нормаларды заңдардың деңгейінде қарастыру керек. Олар нақты әрі түсінікті және тікелей іс-қимылға бағытталуы қажет. Егер де олар жауапкершілік деңгейінсіз, міндетсіз, бұлыңғыр болса, онда бұл бағдарлама орындалмай тұйыққа тірелетіні сөзсіз»,-деді Премьер-Министр.