Үкімет басшысы ТЖМ-ның бос тұрған қоймаларын облыстардың көкөніс сақтайтын қоймасы ретінде пайдалануды ұсынды
АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов облыс әкімдеріне Төтенше жағдайлар министрлігінің бос тұрған қоймаларын көкөніс сақтайтын қойма ретінде пайдалануды ұсынды.
Бұл жайында Премьер-Министр бүгін селекторлық режимде өтіп жатқан Үкімет отырысында айтып өтті.
Ауыл шаруашылығы министрі Асылбек Мамытбековтың сөзіне қарағанда, бүгінде 300 мың тоннаға жуық көкөністі сақтайтын қоймалар жетіспейді. Қазіргі кезде "ҚазАгро" желісі бойынша 60 мың тоннаға есептелген көкөніс қоймаларының құрылысы бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Алайда бұл қажетті көлемнің тек 20 пайызын ғана қамтамасыз етеді. А. Мамытбековтың пайымдауынша, алдағы 3 жылда еліміздегі қоймалардың жетіспеушілігін 50 пайызға дейін төмендету керек.
Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко ведомство қарамағында қазіргі кезде бос тұрған қоймалар бар екенін мәлім етті. Оның айтуынша, төтенше жағдайлардың қарамағында жанар-жағармай құятын үлкен орындар мен Алматы және Қарағанды қалаларында 2 мың тоннаға жуық көлемдегі бос тұрған тоңазытқыш жабдықтары бар.
Сонымен қатар ол күріш және жарма өнімдерін сақтауға арналған құрғақ қоймалар да бар екенін атап өтті. Осы орайда Үкімет басшысы өзінің бірінші орынбасары Ө. Шөкеевке Ауыл шаруашылығы және Төтенше жағдайлар министрліктерімен, әкімдіктермен бірлесе бұл мәселені үйлестіруді тапсырды.
«Атап айтқанда, төтенше жағдайлар жүйсіндегі қоймаларды әкімдіктерге пайдалануға мүмкіндік жасалуы тиіс»,-деді К. Мәсімов.