Үкімет басшысы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды бақылау жүйесін енгізуді тапсырды

Мұндай тапсырманы ол бүгін Үкімет отырысында жүктеді.
«Үкіметке Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруды бақылау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл Елбасы бізге екпін қойып отырған ең басты бағдарлама болып табылады»,-деді С. Ахметов орынбасары Әсет Исекешевке қаратып айтқан сөзінде.
Бұдан бөлек Премьер-Министр, Қаржы, Экономика және сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне «Агробизнес - 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді түрде кірісуді жүктеді.
Үкімет басшысының айтуынша, бұл бағдарлама бойынша бюджет тарапынан қаржыландыру толық көлемде іске асырылмақ.
Осы орайда, Премьер-Министр ауыл шаруашылығы саласын аталған бағыт бойынша қаржыландырмау бұл бағдарламаның нәтижесіз қалуына әсер ететінін ескертіп өтті.
Сөз соңында С. Ахметов Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтен бұл бағдарламаны жүзеге асыруда табандылық танытуды талап етті.