Үкімет басшысы: Валюта айырбастау пункттері халықты дүрліктірмеуі тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов өңірлерде теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамын бақылау үшін жедел жұмыс топтарын құруды тапсырды.

Үкімет басшысы: Валюта айырбастау пункттері халықты дүрліктірмеуі тиіс

Отырыс барысында өңір әкімдері кейбір валюта айырбастау пункттерінде теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының шекті деңгейі жоғары екенін айтты.

«Бұл мәселе барлық әкімдерге қатысты, яғни өңірлерде Ұлттық банктің филиалдарымен бірлесе жедел жұмыс топтарын құру керек. Бір-екі күнде бұл жағдай бір ізге түседі. Алайда, Ұлттық банктің қаулысы орындалуы үшін валюта айырбастау пунктерінде болып жатқан үдерістерге шұғыл әрекет етуі тұрғысында осындай жедел жұмыс топтары қажет», - деді Үкімет басшысы. Осы орайда С. Ахметов ең бастысы - валюта айырбастау пункттері халықты дүрліктірмеуі тиіс екенін қадап айтты.

«Ұлттық банктің шешімі шығарылды, валюта бар, айырбастау пункттері тұрақты жұмыс істеп тұр. Біздің мақсат - атқару жұмыстарын жергілікті жерлерге дейін жеткізу. Сондықтан әкімдер осы мәселелерді Ұлттық банк филиалдарының басшыларымен өңірлерде ерекше бақылауға алуы керек», - деді Премьер-Министр.