Үкімет басшысы заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі заң жобасына қатысты тапсырма берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әділет министрлігі заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі заң жобасын Парламентке уақытылы енгізуі тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Президенттің Парламент сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, елден Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі заң жобасын әзірледі. Оның негізгі мақсаты – қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру. Әділет министрлігі жобаның Парламентке уақытылы енгізілуін қамтамасыз етуі керек», - деп тапсырды Ә. Смайылов.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселесіне тоқталды.

«Мемлекет басшысы мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлау сапасын арттыру қажет екеніне назар аударды. Ұлттық экономика министрлігі Стратегиялық жоспарлау және реформалар, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктермен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстанның 2050-ші жылға дейінгі даму стратегиясын нақтылау бойынша жұмыс істеуі тиіс. Қазіргі жағдайды ескере отырып, мақсатты көрсеткіштерге мұқият талдау жүргізу керек. Бұған сарапшылар мен бизнес өкілдерін тарту қажет», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар