Үкімет басшысы жаңа министрдің жұмысты одан әрі жандандыратына сенім білдірді
АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Экономикалық даму және сауда министрлігінде болып, онда ұжымға ведомствоның жаңа басшысы Ерболат Досаевты таныстыру барысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов ведомство жұмысының одан сайын жанданатынына сенім білдірді.
Таныстыру барысында Үкімет басшысы бүгін Елбасының жарлығымен Ерболат Досаев министр ретінде тағайындалғанын, сосын оның әр жылдары лауазымды қызметтер атқарғанын атап өтті.
«Мен министрліктің алдына жүктелген міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін барлық күш-жігеріңіз бен біліміңізді салып қызмет етеді деп сенемін. Оның үстіне елдің макроэкономикасымен, стратегиялық даму мәселелерімен айналысып, біздің еліміздегі барлық дерлік даму бағдарламаларына сараптама жасайтын Экономикалық даму және сауда министрлігінің алдына жүктелген міндеттер де ауқымды. Мен сіз басшылық жасайтын министрлік шын мәнінде Қазақстан Үкіметіндегі орталық буынға айналуы тиіс деп ойлаймын», - деп атап өтті ұжымға таныстыру барысында Үкімет басшысы Серік Ахметов
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Үкіметтің жаңа құрамы жасақталған болатын. Соған орай министрлердің басым бөлігі өз лауазымдарын сақтап қалған еді. Ал Экономикалық даму және сауда министрлігіне жаңа басшы тағайындалды. Ведомствоның бұрынғы басшысы Бақытжан Сағынтаев «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары қызметіне ауысқан еді.
Тоқтала кететін жайт, жарияланған Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, жаңа Үкіметтің құрамында екі министрлік басшысы әлі тағайындалмаған. Атап айтқанда, Сыртқы істер министрі мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерін тағайындау кейінірек шешілетін болады.