Үкімет басшысы жаңадан тағайындалған орынбасарларына алғашқы тапсырмасын берді

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жаңадан тағайындалған орынбасарларына атқаратын қызметтерін бөліп берді.

Үкімет басшысы жаңадан тағайындалған орынбасарларына алғашқы тапсырмасын берді

Бұл жайында бүгін Үкімет отырысында мәлім болды.

«Үкіметте және барша мемлекеттік органдарда тағайындаулар аяқталды. Кадрлық мәселелер шешілді. Енді Елбасы жүктеген тапсырмаларды орындау қажет», - деді К. Мәсімов.

Үкімет басшысы жаңадан тағайындалған орынбасарларының қызметтеріне тоқталып өтті. Атап айтқанда, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов экономика мен өңірлік саясат, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру, өнеркәсіп, электр энергетикасы, туризм, алтын өндіру, техникалық реттеу, қазақстандық қамту мемлекеттік саясатын іске асыру мәселелерін қамтиды. Сонымен қатар оған Агроөнеркәсіптік кешен, қоршаған орта, жер және су ресурстары, ғарыш қызметі, құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту, төтенше жағдайлар мәселелері жүктеліп отыр.

Қайрат Келімбетовке макроэкономикалық, бюджеттік саясат, мемлекеттік активтерді басқару, қаржылық сектор, салық және кеден саясаты, мемлекеттік - жеке меншік әріптестікті дамыту, табиғи монополияларды реттеу мәселелері, бәсекелестікті дамыту, сауда және тариф саясаты бағытындағы жұмыстар тапсырылды.  Мұнымен қоса оның қарауында Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі, Еуразиялық экономикалық қауымдастығы, Кедендік одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы ынтымақтастық жайы болады.

Ал, Ербол Орынбаевқа білім, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат, туризм, спорт, сондай-ақ шағын және орта бизнес, әкімшілік реформаны іске асыру мәселелері, әкімшілік кедергілерді азайту, салық және кедендік әкімшілеу шаралары жүктелді.  Сонымен қатар ол бизнес саласындағы индикаторларды жақсарту, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы мен «Еңбекпен қамту - 2020» бағдарламасын үйлестіреді.

Естеріңізе сала кетейік, жақында 5-ші сайланған Мәжілістің бірінші сессиясында депутаттар Үкіметке сенім білдірген болатын. Сонымен қатар Елбасының Жарлығына сәйкес Үкіметте бірқатар тағайындаулар болды. Осының аясында бірқатар тағайындаулар жүзеге асырылды.