Үкімет басшысы жеке тұрғын үй құрылысы бойынша рұқсат беру құжаттарын алуды барынша жеңілдетуді тапсырды

«Дүниежүзілік банктің соңғы «Doing Business» рейтингісінде құрылысқа құжат беру бойынша біз өкінішке қарай тізімнің соңына қарай тұрақтадық», - деді К.Мәсімов құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігі өкілдеріне қаратып айтқан сөзінде. «Осыған байланысты Агенттікке үздік халықаралық тәжірибені зерделеп, құрылыс салуға рұқсат беру құжаттарын алуды барынша жеңілдету міндетін жүктеймін. Бірінші кезекте бұл мәселе жеке тұрғын үй құрылысына байланысты», - деп қадап айтты Премьер-Министр.
Бұл тұрғыда Үкімет басшысы инфрақұрылымды дамытуда мемлекетте де, адамдарда да қаржы бар екенін жеткізді. Сонымен қатар ол халықта жеке тұрғын үй салу ниеті жоғары екенін айтып өтті. «Енді Агенттіктің міндеті - бұл бағыттағы шараларды барынша жеңілдету», - деді Премьер-Министр. «Кейде қағазбастылықтың салдарынан барлық кабинеттерден өткенше құрылыс салғың келмей қалады», - деп сынға алды К.Мәсімов.