Үкімет басшысы жетекшілік ететін инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған жұмыстарды үйлестіру кеңесі құрылады. Оған ҚР Премьер-Министрі жетекшілік етеді. Бұл туралы бүгін Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінде депутаттармен кездесуінде Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
None
None

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттары бойынша инвестициялық климатты жетілдіру шараларын белсендіру жүргізілуде. «Мәселен, салықтық және соттық әкімшілендіруді жақсартуға бағытталған тиянақты жоспар әзірленді. Көші-қон мәселелері жеңілдетілді, әкімшілік кедергілер төмендетілді. Біз 2017 жылы ЭЫДҰ мүшелігіне өтіп, аталмыш Ұйымның инвестициялар жөніндегі комитетінің қатысушысы болғымыз келеді», - деді Ә. Исекешев.

Оның айтуына қарағанда, Мемлекет басшысының жолдауда жүктеген тапсырмасына сәйкес, инвестиция тарту және басқару жүйесі өзгеретін болады.

«Үкімет деңгейінде Премьер-Министр жетекшілік ететін арнайы кеңес құрылады. Ол кеңес инвестициялық климат бойынша жұмыстарды үйлестіріп, ірі әрі әйгілі трансұлттық компанияларды тарту мәселесімен айналысатын болады. Кеңес құрамында бірқатар ірі халықаралық банктердің сарапшылары, трансұлттық компаниялармен жақсы байланыстағы сарапшылар тартылады», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар