Үкімет басшысы жылу беру маусымын сәтсіздікке ұшыратқан жылу беру орталықтары директорларын қызметінен босатуды тапсырды
АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов жылу беру маусымы сәтсіздікке ұшырағаны үшін жылу энергия көздері мекемелерінің директорларын жұмыстан босатуды тапсырды.
«Шын мәнінде жыл сайын жылу беру маусымында кейбір қиындықтар туындаса әкімдер жазаланып жатады, ал жылу энергия көздерінің директорлары жылу беру кезеңіне дайындықты сәтсіздікке ұшыратса да қызметінде жылдап отыра береді. Нәтижесінде бұның зардабы халыққа түседі. Жылу беру маусымын сәтсіздікке ұшыратса, онда бұл басшыларды жұмысынан босатып, оған ықпал етудің барлық шараларын қолдану керек. Осы қалалардың әкімдеріне де қатысты»,-деді С. Ахметов.
Мұнымен қоса Үкімет басшысы бұндай шара коммуналдық қызмет үшін дебиторлық қарыз бойынша энергиялық кәсіпорындар менеджментіне де қатысты қолданылуы керектігін айтты.
«Коммуналдық қызмет үшін дебиторлық қарыз менеджментке байланысты болса, онда облыс, Алматы және Астана әкімдіктерімен осы мәселеге жауапты басшылардың лауазымының сәйкестігі бойынша мәселені қарастырыңыздар»,-деді Премьер-Министр.