Үкімет басшысын таңдауда Елбасы тағы да көрегендік танытты - Ш. Мырзахметов

АСТАНА.  24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Үкімет басшысын таңдауда Елбасы тағы да көрегендік танытты. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Мемлекет басшысы Н. Назарбаев премьер-министр кандидатурасына Серік Ахметовты ұсынып, оны төменгі палата депутаттары бірауыздан қолдаған болатын.

Үкімет басшысын таңдауда Елбасы тағы да көрегендік танытты - Ш. Мырзахметов

Осыған орай ҚазАқпарат тілшісіне пікірін білдірген депутат Шалатай Мырзахметов осылай мәлім етті.

«Мен С. Ахметовты бұрыннан білемін. Өзінің іскерлігі  арқасында қай жерде отырмасын орнын тапқан азамат ретінде көрсетіп келді. Кез-келген мәселені байыптылықпен талдап шешетінін көрсетіп жүр. Қарапайымдылығымен, кез-келген іске белсенді кірісетіндігімен де ерекшеленеді. Сондықтан да, Елбасы дұрыс таңдау жасап, тағы да көрегендігін танытты деп білемін», - деді Шалатай Мырзахметов.

Депутаттың айтуынша, жиын барысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев бұрынғы Үкіметтің аса қиын уақытта жұмыс істегенін, жүктелген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындағанына тоқталған. «Менің ойымша, Президент Үкіметтің бұрынғы жұмыс қарқынын одан сайын үдету үшін осындай таңдау жасады. Өйткені, С. Ахметов бұған дейін де Премьердің бірінші орынбасары қызметінде ысылған азамат», - деді депутат. 

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысына қатысып, онда  Елбасы Кәрім Мәсімовке атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі қызметіне Серік Ахметовтің кандидатурасын ұсынды. Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі қызметіне Серік Ахметовтің кандидатурасын қолдау туралы бірауыздан шешім қабылдады.