Үкімет басшысының блогына судан құтқару қызметі өкілдерінен түскен жалақы мәселесі сәуір айында шешілетін болды

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Төтенше жағдайлар министрлігі судан құтқару қызметі өкілдерінің жалақыларын ағымдағы жылдың сәуір айында толықтай береді. Бұл туралы бүгін аталмыш қызмет өкілдерімен кездескен Төтенше жағдайлар вице-министрі Абылай Сабдалин мәлім етті,

Үкімет басшысының блогына судан құтқару қызметі өкілдерінен түскен жалақы мәселесі сәуір айында  шешілетін болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Естеріңізге сала кетейік, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің интернеттегі арнайы блогына наурыздың 17-сі күні Қарағанды облыстық «Судан құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесі өкілдерінен жыл басынан бері айлық жалақыларын ала алмай жүргендіктері жөнінде ақпарат түскен. Онда мемлекеттік мекеме қызметкерлері Премьер-Министрден жалақыларын алуға қолғабыс етуді сұраған. Вице-министр мен судан құтқару қызметі өкілдерінің арасындағы кездесу осы мәселеге байланысты ұйымдастырылды. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Үкімет басшысы осы мәселені шешуді Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божкоға қатаң ескерткен. «Баршаға мәлім, өткен жылы жаңа бюджет кодексін қабылдау жұмыстары барысында судан құтқару қызметін әкімшіліктердің құзырынан алып, төтенше жағдайлар саласына беру жөнінде шешім қабылданды. Бұл төтенше жағдайлар саласының күшін нығайту мақсатындағы өте ұтымды шешім болды. Ал аталмыш мәселеге қажетті мемлекеттен бөлінген қаржы ешқайда да кеткен жоқ. Ол қазір министрліктің қарауында жатыр. Өкініштісі, қазір осы қаржыны тиісті мақсаттарға жұмсау жолындағы шаралар біршама кідірді», - деді министрдің орынбасары. Аталмыш министрліктің Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің директоры Диқанбек Сатылғановтың сөзіне қарағанда, Төтенше жағдайлар министрлігі судан құтқару қызметін министрліктің құзырына беруге байланысты арнайы Үкімет қаулысының жобасын дайындап, ол тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жіберілген. Ал мемлекеттік органдар құжатқа тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізгендіктен қаулы министрлікте бірнеше мәрте түзетілген. Оның үстіне бір мекемені екінші мекеменің құзырына беру шарасы қосымша құжаттар дайындауды қажет етеді. «Қорыта айтатын болсақ, қазіргі таңда бұл мәселеге байланысты құжаттардың барлығы да дайындалып, наурыз айының 10-ында Үкіметтің арнайы қаулысына да қол қойылды. Енді сол құжаттардың бірқатарын әділет органдарының тіркеуінен өткізу ғана қалды», - деді комитет төрағасы. Вице-министр А.Сабдалин департамент директорына мәселені жіті қадағалауға алып, қажетті құжаттарды наурыз айының соңына дейін тіркеуді тапсырды. «Құтқарушы азаматтар мұндай құжаттарды тіркеудің арнайы тәртібі бар екендігін ескереді деген ойдамын. Бұл мәселені қазір Үкімет басшысы да, Төтенше жағдайлар министрі де жіті қадағалап отыр. Қалай болған күнде де біз сіздердің жалақыларыңызды сәуір айында толық беріп бітіреміз»,- деді вице-министр.