Үкімет бюджеттік бағдарламаларды келісу мерзімін қысқартады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет бюджеттік бағдарламаларды келісу мерзімін қысқартады

Заң жобасында бюджет заңнамасына негізгі 6 бағыт бойынша  түзетулер ұсынылады.

«Бірінші бағыт бойынша бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын жеңілдету мақсатында оларды келісудің жекелеген кезеңдерін алып тастау ұсынылады. Біріншіден, стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламаларын Ұлттық экономика министрлігімен келісусіз бекіту. Қаржы министрлігімен келісу қалады. Екіншіден, бюджетті түзету кезінде бюджеттік бағдарламаларға Ұлттық экономика министрлігімен келісусіз  өзгерістер енгізу. Қаржы министрлігімен келісу сақталады. Үшіншіден,  мемлекеттік органдардың бастамасымен бюджеттік бағдарламаларға Ұлттық экономика министрлігімен және Қаржы министрлігімен келісусіз, бірақ Қаржы министрлігін хабарландырып, өзгерістер енгізу. Бұл бюджеттік бағдарламаларды келісу мерзімін әрбір кезеңде орта есеппен 10 күнге қысқартуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар бүгінде бюджеттік бағдарламаларды көбіне қайталайтын нысаналы даму трансферттердің нәтижелері туралы келісімдерді алып тастау ұсынылып отыр. Нәтижесінде, орталық және жергілікті деңгейлердегі 1,5 мыңнан астам құжат қысқартылады.

«Орталық мемлекеттік органдардың әкімшілік шығындарын Қаржы министрлігі айқындайтын жалпы лимитпен жоспарлау ұсынылып отыр. Бұл бюджеттік өтінімдерді дайындауды жеңілдетеді, оның қарастыру мерзімін және ұсынылатын құжаттардың көлемін қысқартады»,-дейді Сүлейменов.