Үкімет депутаттардың жұмыртқаға субсидияны қайтару туралы ұсынысын қабылдамады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында құс жұмыртқасына төленетін субсидияны қайтару мүмкін емес екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Бұрын қолданыста болған норматив бойынша тағамдық жұмыртқа өндірісін субсидиялауды қалпына келтіру мәселесі агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру аясында пысықталды.

Республикалық бюджет мүмкіндіктерінің шектеулі болуына байланысты қазіргі таңда тағамдық жұмыртқаны субсидиялауды қайта бастау мүмкін емес», - деп жазылған жауапта.

Үкімет басшысы қазір асыл тұқымды құстан алынған, бір тәулік болған бір жұмыртқаға 60 теңге субсидия төленетінін еске салады.

«Сондай-ақ жұмыртқа саласын дамыту үшін инвестициялық салымдар кезінде 2 бағыт бойынша субсидиялау көзделген:

- құс шаруашылығында бірінші және екінші кезектегі асыл тұқымды репродукторды құру және кеңейту;

- өндірістік қуаты 50 млн жұмыртқадан асатын жұмыртқа құс фабрикаларын кеңейту.

Бұдан басқа, қуаты тәулігіне 50 тонна құс қиын қайта өңдеуге арналған техника мен жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу көзделген. Аталған бағыттар бойынша инвестициялық салымдарды өтеу үлесі 25% құрайды. Жалпы жұмыртқа шаруашылығының дамуы Үкіметтің тұрақты бақылауында», - деп жазады Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар