Үкімет Елбасы тапсырмаларын орындау үшін 70 іс-шарадан тұратын жоспарды бекітті

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев айтты.
«Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру мақсатында ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті. Ол 70 іс-шарадан тұрады»,-деді ол.
Министрдің атап өтуінше, ағымдағы жылдың соңына дейін 46, ал келесі жылы 22 іс-шараны іске асыру көзделген.
«Бұл ретте 2 іс-шара бюджеттік заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі заңды қабылдағаннан кейін 2 ай мерзімінде іске асырылатын болады», -деді Е. Досаев.
Оның атап өтуінше, іс-шаралар жоспары 4 нормативтік-құқықтық акті жобасын әзірлеуді көздейді. Олар мыналар: «Мемлекеттік органдарда сатып алуларды өткізу бойынша конкурстық комиссиялардың төрағалары етіп тиісті бірінші басшыларды тағайындауды қамтамасыз ету туралы», «Қолданыстағы заңнамаға мемлекеттік сатып алулар қорытындыларына шағымдану рәсімін жетілдіру бөлігінде өзгерістер енгізу туралы», «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы», «Артық бюджеттік рәсімдер мен келісулерді қысқарту туралы».