Үкімет ең төменгі стандарттар бойынша өзгерістерді желтоқсан айына дейін енгізеді - С. Әбденов
АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Елбасының тапсырмасына сәйкес, Үкімет құрамына кіретін министрліктер еліміздегі ең төменгі стандарттар бойынша тиісті ұсыныстарды ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін енгізеді.
Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасын талқылау барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов мәлім етті.
Аталмыш стандарттарға, ең төменгі күнкөріс деңгейі, ең төменгі жалақының, зейнетақының мөлшері кіретін болады. «Сонымен қатар, бүгінгі зейнетақыны жаңғыртуға қатысты ұсыныстар, алғашқы кезеңдегі қадам болып табылады. Ал одан кейінгі бюджеттен шығынды қажет ететін ұсыныстарды қыркүйекке дейін беру көзделеді. Мұнда базалық зейнетақы мөлшеріне де қажетті өзгерістер қарастырылып отыр. Қазіргі таңда біздің министрлік осындай ұсыныстар жасады», - деді С. Әбденов.
Оның айтуынша, зейнетақыны жаңғыртуға бағытталған өзгерістердің басты қағидаты - азаматтардың келешектегі зейнетақысының мөлшерін алып отырған жалақысының 40 пайызынан кем болмайтын жағдайды қамту. «Қазіргі таңда зейнетақының табысқа шаққандағы жалпы мөлшері 44,8 пайызды құрап отыр. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш төмендей береді. Өйткені, бюджеттен берілетін қолдау да азая түседі», - деді министр.