Үкімет еңбек жағдайлары денсаулыққа зиян жұмыс орындарын түбегейлі азайтуға мүдделі - Б.Сапарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Үкімет еңбек жағдайлары денсаулыққа зиян жұмыс орындарын түбегейлі азайтуға мүдделі. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Халықаралық еңбекті қорғау конференциясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысушыларға арнаған хатында айтылды.

Үкімет еңбек жағдайлары денсаулыққа зиян жұмыс орындарын түбегейлі азайтуға мүдделі - Б.Сапарбаев

«Қазақстанда еңбек шарттарынан туындаған мәселелер едәуір экономикалық шығындарға ұрындырады. Бүгінде 690 мыңнан астам жұмысшылар өтемақылар алады. Осы мақсатқа жыл сайын жұмыс берушілер 70 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсайды. Осы мәселелерді ескере отырып, Үкімет еңбек жағдайлары қауіпті жұмыс орындарын түбегейлі азайтып, өндірістік жарақаттардың үлесін кемітуге мүдделі», - делінген хатта.

Б. Сапарбаевтың мәліметінше, бұл мәселені 2016-2020 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңі шешеді. Бағдарлама өндірістік қоршаған ортаның тұрғындар денсаулығына кері әсерін азайтып, сондай-ақ жұмыс берушілерді жұмысшылардың салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етуге ынталандырады.

Сонымен қатар Б.Сапарбаев өз сөзінде атап өткендей, Қазақстан Үкіметі нақты белгіленген құқықтар, міндеттер мен жауапкешілік арқылы еңбек қауіпсіздігін дамыту жүйесін қалыптастырудағы Халықаралық еңбек ұйымын (ХЕҰ) жан-жақты қолдайды.

ХЕҰ мәліметтері бойынша, әлемде жыл сайын жұмыс орындарындағы 270 млн. оқыс оқиға мен 160 млн. кәсіпке байланысты аурулар тіркеледі. Солардың кесірінен 2 млн-нан астам адам қаза болады.