Үкімет есебі: бюджетке салық түсімдері 3 трлн теңгеге өскен, бұл – рекордтық көрсеткіш

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілісте Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр экономиканың жандануы байқалды. Жалпы ішкі өнім өсімі 3,2% болды, бұл – мақұлданған болжамды мәннен 1,1 проценттік тармаққа жоғары. Негізгі факторлар: қызмет көрсету секторындағы, нақты сектордардағы өсім, экспорт өсуінің жоғары қарқыны есебінен сауда теңгерімінің нығаюы, құрылыстағы және қызмет өндірісіндегі жоғары инвестициялық белсенділік болды. Негізгі капиталға инвестициялар көлемі өнеркәсіптік пен әлеуметтік объектілерді, тұрғын үйді, көлік және инженерлік инфрақұрылымды, жел электр станцияларын салу есебінен 7,9%-ға ұлғайды», - деді Е. Жамаубаев.

Сонымен қатар, ол инфляция деңгейі 20,3% болып, нысаналы дәліздің жоғарғы шегінен (8-10%) 10,3%-дық тармаққа артқанын еске салды.

«Республикалық бюджетке тартылған Ұлттық қордың қаражаты контрциклдық қағидаға сәйкес болды, яғни тұрақтылыққа және қаражаттың жиналуына кері әсерін тигізген жоқ. Енді бюджет параметрлерінің орындалуына толығырақ тоқтала кетейік. Бюджет түсімдері 102,1%-ға атқарылды және 16,1 трлн теңге болды. Шығыстар 18,5 трлн теңгеге немесе 98,6%-ға атқарылды. Бюджет тапшылығы – 2,4 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 2,4 пайызы», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, республикалық бюджет кірістері 101,9%-ға атқарылды немесе 16 трлн теңге болды. Оның ішінде трансферттерді есепке алмағанда кірістер 10 трлн 472 млрд теңге немесе 2022 жылға арналған жоспарға 103% болды, яғни 310 млрд теңгеге асыра орындалды.

«Кірістер құрылымының негізгі үлесі салық түсімдеріне тиесілі. Олар бойынша жоспар 102,1%-ға атқарылды немесе 210 млрд теңгеге асыра орындалды. Жалпы, республикалық бюджет кірістері 3,1 трлн теңгеге немесе 42,3 пайызға артты. Оның ішінде салық түсімдері 3 трлн теңгеге немесе 42,1%-ға өскен. Бұл тарихи рекордтық көрсеткіш деп айтуға болады. Бюджеттің кіріс бөлігі негізінен макроэкономикалық көрсеткіштерге байланысты өсті. Сондай-ақ, ол Қаржы министрлігі жүргізіп жатқан салық саласындағы және кедендік әкімшілендіру, оларды цифрландыру жөніндегі шаралар есебінен ұлғайды», - деді Е. Жамаубаев.


Соңғы жаңалықтар
telegram