Үкімет есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2009-2011 жылдарға арналған бағдарламасының жобасын мақұлдады
АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ – Бүгін Үкімет отырысында Есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2009-2011 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы мақұлданды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетовтың айтуынша, бұл бағдарламаның жобасын вице-премьер Серік Ахметов басқарған жұмыс тобы пысықтаған және ол мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша бағдарлама есірткі трафигінің арналарын жабу, есірткінің ішкі заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау, нашақорлықтың алдын алу, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша жалпы жүйелі шараларды қабылдау жөніндегі іс-шаралармен күшейтілген. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары 6 бөлімнен және 66 тармақтан тұрады. «Ұсынылып отырған бағдарламаның жобасы үшін 3 жылға 40 млрд. теңге сомасында қаражат бөлінеді», - деді министр.Оның сөзіне қарағанда, өткізу бекеттерінен тыс шекараларды кесіп өткен есірткі тасымалдаушыларды дер кезінде анықтап, ұстау үшін оңтүстіктегі шекаралардың параметрлерін инженерлік жабдықтармен, бақылаушы техникалық жүйелермен күшейту көзделіп отыр. Сондай-ақ шекарадағы заставалар қажетті көлік байланыстарымен қамтамасыз етіледі. Ал шекарадағы кеден қызметтері инспекциялық-техникалық кешендермен, жүктерді бақылайтын автоматтандырылған жүйелермен жабдықталмақ. Сондай-ақ ел ішіндегі есірткі тасымалы мен арналарын анықтау үшін Ішкі істер министрлігінің есірткі бизнесімен күрес жөніндегі арнайы бөлімшесін 3 мобильді рентген қондырғыларымен жабдықтау жоспарлануда. «Бұл шаралар есірткі трафигінің негізгі арналарын жабуға және есірткі контрабандасымен күресті күшейтуге мүмкіндік береді», - деді С. Баймағанбетов.«Ішкі резервтің есебінен Шымкентте орналасатын «Оңтүстік» және Қарағандыда орналасатын «Орталық» атты 2 өңіраларық мамандандырылған басқарма құру, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесімен күрес комитетін күшейту көзделіп отыр», - деді ол. Министр бағдарлама аясында жүзеге асырылатын басқа да жұмыстарға тоқталды. Өз кезегінде Министрлер кабинетінің мүшелері бағдарламаға қатысты көзқарастарын білдіріп, оны мақұлдады.